Адам папиллома вирусына қарсы вакцина жатыр мойны обырының алдын алады

Елде Адам папиллома вирусына (HPV) қарсы вакцина міндетті вакциналар қатарына қосылды. Енді қыркүйек айынан бастап 11 жастағы қыздарға ата-ананың рұқсатымен АПВ қарсы вакцина салына бастайды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, — деп хабарлайды аурухананың баспасөз қызметі.

Адам папиллома вирусына (HPV) қарсы вакцина АПВ инфекциясының және жатыр мойны обырының алдын алады.

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы перинаталдық орталығының акушер-гинекологы, IGCS мүшесі Ақмандай Дельмакованың айтуынша, елде жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында таралуы бойынша сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр.

Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1 900 жаңа жағдайы тіркеледі. Соның ішінде 600-ден астам әйел қайтыс болады. Ерте жастан вакциналау қыздардың денсаулығы үшін маңызды және жатыр мойны обырының алдын алуға арналған бірден-бір әдіс. Себебі, аурудың алдын алатын бұдан басқа әзірге жолы жоқ. Вакциналау мектепте немесе тіркелген емханасындағы екпе кабинеттерде тегін жүргізіледі. Вакцинация әйелдің репродуктивті функцияларына әсер етпейді және бедеулікке әкеп соқпайды. Бұл әлемнің дамыған елдерінде көп жылдық клиникалық зерттеулер арқылы дәлелденген. Вакциналау 6 айлық аралықпен екі кезеңде орындалады. Ал ағзаның вакцинаға реакциясы бұған дейін салдыртқан жұқпалы ауруларға қарсы вакциналауға ұқсас. АПВ инфекциясына қарсы вакцина – болашақ ұрпақтың денсаулығын сақтаудағы өте маңызды қадам, — дейді Ақмандай Дельмакова.

Айта кетейік, адам папиллома вирусына қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыттан бері әлемнің 135 елінде белсенді түрде қолданылады. Бұл тәжірибені Австралия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Норвегия, АҚШ және басқа да көптеген елде сәтті енгізу арқылы 20 жастағы қыз-келіншектер арасында АПВ жұқтыру деңгейі 80%-ға төмендеген. Жалпы 2006 жылдан бері әлемде АПВ қарсы 100 миллионнан астам адам егілді, оған 270 миллион вакцина қолданылған. ТМД елдерінде Түркіменстан, Өзбекстан және Қырғызстанда жатыр мойны обырына қарсы егу жоспарлы түрде 8-9 жылдан бері жүргізіледі.

Сайт материалдарын пайдалану кезінде мағынасын сақтай отырып, бастапқы дереккөз ретінде осы мақалаға сілтеме беруіңіз қажет.

Жалған ақпарат жарияланбауы үшін Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз