Адам өмірін сақтап қалу – ең маңызды міндет

Бүгін, 16 қазан анестезиолог-реаниматолог дәрігерлерінің күні. Осы орайда Маңғыстау облыстық көпбейінді аурухананың баспасөз қызметі реаниматолог-анестезиолог дәрігер Серікбаев Игілік Бостанғалиұлымен әңгімелесіп, қызмет барысындағы негізгі міндетін сұрады.

Игілік Серікбаев ауруханада 2012 жылдың қаңтар айынан бастап анестезиолог-реаниматолог болып қызмет атқарып келеді. Негізгі міндеті – ота алдындағы дайындықты қамтамасыз етіп, науқасты отаға дайындап, жансыздандыру процесін жүргізу.

Ота бөлімі – үлкен бөлім. Аурухананың барлық бөлімі осы ота бөлімінен өтеді. Ал ауруханада жасалатын оталар жансыздандыруды қажет етеді. Жансыздандыруды анестезиолог дәрігерлер жүргізеді.

реаниматолог-анестезиолог дәрігері Игілік Серікбаев

Бөлімде күндізгі 5  бірлік штаттық, ал күндіз-түні қызмет ететін 4,5 бірлік анестезиолог-реанимотолог дәрігер бар. 1 күннің ішінде кейде 8 хирургиялық ота болса, кейде минимум 3-4 ота болады.

Пандемия кезінде де анестезиология-реанимация бөлімі өз жұмысын тоқтатпаған. Коронавирус кезінде анестезиология-реанимация бөлімі мамандарының қажеттілігі болды. Бұл ретте аурухана әкімшілігінің жүйелі жұмыстары нәтижесінде тек коронавирус ауруына ғана қарсы ем көрсетілмеді, басқа да ауруларды қатар алып, емдеді.

«Біздің қызметіміз – операция болады дегеннен бастап дайындықты жүргізу. Жансыздандырудан бөлек науқасты қарау, деректерін сұрастыру жұмыстарын жүргіземіз. Керекті тағайындамаларды жасаймыз. Содан соң аурухананың стандартына сай операция процедурасының бекітілген хаттамасы арқылы жұмыс жасалады», — деді реаниматолог-анестезиолог дәрігер.

Яғни науқас операция үстеліне алынғаннан кейін жансыздандыру басталады. Науқасқа керекті отасы жасалғаннан соң, ояту бөлмесіне көшіріледі. Науқас толық өз қалпына келгеннен кейін емдеу палатасына барады.

«Қазіргі таңда медицинада жақсы наркоздық препараттар бар. Соның нәтижесінде науқас жеңіл оянады, сол себептен көп адамдар өзін терең ұйықтап, оянғандай сезінеді. Кейде операцияның қатаңдығы мен көлеміне байланысты наркоз берілетін сәттер де болады. Мұндай уақытта бірден емдеу палатасына емес, қарқынды емдеу бөліміне көшіріледі», — деді дәрігер Игілік Серікбаев.

Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының жансақтау бөлімі
Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының жансақтау бөлімі

Ал науқас оянғаннан кейін дәрігерлер әр түрлі сұрақтар қояды. Себебі наркоздың бойдан шығып кеткеніне сараптама жасайды. Мәселен, көзіңізді ашыңыз, аузыңызды ашыңыз, қолыңызды қысыңыз, аяғыңызды көтеріңіз сынды тапсырмалар беріледі. Сол арқылы наркоздың организмнен шыққанын, есін жиғанын біледі. Ал жағдайы жақсарғаннан соң науқасты жасанды желдету аппаратынан шығарып, емдеу палатасына көшіру жұмыстарын жалғастырады.

Жалпы ота жоспарлы және жедел деп екіге бөлінеді. Жедел операцияларды жасау я жасамау көбіне қабылдау бөлімінің дәрігерлері айтады. Яғни, осы науқаста операция керек десе, анестезиолог дәрігерлер жедел барады. Дәрігерлер тәжірибесінде алдын ала дайындықсыз жедел ота жасайтын сәттері де болады. Өйткені адам өмірін сақтап қалу – ең маңыздысы.  

Ал жоспарлы оталарда бір күн бұрын арнайы тізім келеді. Онда науқастың аты-жөні, диагнозы, жасалатын операция және т.б керекті ақпараттар беріледі. Соған сәйкес науқасты тексеріп, анализдерін қарап, талдау жүргізіледі. Сондай-ақ науқасқа барлығы алдын ала түсіндіріледі, тамақтану уақыты, қандай жоспарлы анестезия болатыны айтылады. Игілік Серікбаевтың айтуынша, бұл операция алдындағы кедергілердің алдын алады. Егер науқасқа жақсы түсіндірілсе, әрі қарай бәрі жақсы өтеді.

«Жұмысымыз ауыр. Бізге адамдар үміт артады. Ал біз соны ақтауымыз керек деп ойлаймын. Дәрігердің ең қуанышты сәті – аурудан айығып шыққан науқастың алғысын алу. Міне, осындай кіршіксіз алғыс дәрігерлердің мерейін өсіреді, ерік-жігер береді», — деді реаниматолог-анестезиолог дәрігері Игілік Серікбаев.

Олай болса, біз де аурухананың реаниматолог-анестезиолог дәрігерлеріне алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тілеп қояйық. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының "Операциялық блок" бөлімінің дәрігерлері
Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының «Операциялық блок» бөлімінің дәрігерлері

Сайт материалдарын пайдалану кезінде мағынасын сақтай отырып, бастапқы дереккөз ретінде осы мақалаға сілтеме беруіңіз қажет.

Жалған ақпарат жарияланбауы үшін Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *