Маңғыстауда алғаш рет TAVI операциясы жасалды

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының кардиохирург-дәрігерлері 79 жастағы науқасқа алғаш рет жоғары технологиялық транскатетерлі қолқа қақпағын имплантациялау (Tavi) операциясын жасады, — деп хабарлайды облыстық аурухананың баспасөз қызметі.

Аталған операция бұрын соңды Батыс аймағында жасалмаған. Сондықтан алғашқы операция Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың дәрігерлерімен бірлесе орындалды. Бір жарым сағатқа созылған ота сәтті өтті.

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының кардиохирург-дәрігері Асылбек Анетовтың айтуынша, науқас он күн бұрын облыстық ауруханаға дем жетіспеушілік шағымымен келіп түскен. Яғни, науқастың аорта қақпақшасы тарылған. Мұндайда TAVI операциясын орындап, клапан орнатқан тиімді. Сол арқылы жүрек аортаға және одан әрі бүкіл денеге қан жіберіледі.

Науқастың қолқа қақпақшасы қарайып қалған. Жасы үлкен әрі басқа да ауралары болғандықтан қан-тамырлары арқылы аз инвазивті ота жасадық. Жалпы елде жыл сайын 400-500 Tavi операциясы жасалады. Алдағы уақытта Маңғыстауда мұндай операциялар жасалады деп ойлаймын. Себебі Маңғыстау облыстық ауруханасы кардиолог-дәрігерлерінің біліктілігі, мүмкіндігі мен медицина сапасы жоғары, қажетті құрылғылармен толық жабдықталған.

Абдурашид Мусаев, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың катетерлеу зертханасының меңгерушісі
Маңғыстауда алғаш рет TAVI операциясы жасалды
Первая высокотехнологичная транскатетерная операция по имплантации аортального клапана в Мангистау

Науқас отадан кейін реанимация бөліміне шығарылды. Жағдайы — тұрақты. TAVI-ден кейін қалпына келтіру тез жүреді, яғни, 2-3 күн емделіп, үйге шығарылады. Осылайша қалыпты өмірге қайта оралады. Облыстағы алғашқы операцияның сәтті өткенімен әріптестерімді құттықтаймын! Аурухананың перспективасы жоғары, осы ретте емделушілерге мүмкіндік жасаған Жәнібек Сұлтанұлына алғыс білдіремін.

Серік Әлімбаев, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың интервенциялық-дәрігері .

«Қазір аз инвазивті операцияларды дамыту тенденциясы жүріп жатыр. Бұған дейін жүрек клапандарының ақауларын емдеуде кеуде қуысының ашылуымен көлемді операция таңдалатын еді. Қазір тез әрі тиімді операциялық әдістер арқылы тәуекел топтағы науқастарға көмек көрсете аламыз. Бүгінгі операция жоғары технологиялық медициналық көмек шеңберінде өтті. Яғни, пациенттердің санатына қарай мұндай операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін жасалады. Алдағы уақытта жоғары технологиялық операцияны жетілдіреміз деген сенімдемін»

Талғат Жакиев, облыстық аурухананың кардиохирургия орталығының меңгерушісі .

Сайт материалдарын пайдалану кезінде мағынасын сақтай отырып, бастапқы дереккөз ретінде осы мақалаға сілтеме беруіңіз қажет.

Жалған ақпарат жарияланбауы үшін Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз