Әйел денсаулығының сақшысы

Денсаулық сақтау саласына өмірін арнаған, әйел денсаулығын сақтауда зор үлес қосқан Юлия Досаханованың медицинаға махаббаты айрықша. Мамандығын жан-тәнімен сүйіп, аянбай еңбек еткен жан биік белестерді бағындыратыны сөзсіз. Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы директорының «Ана және бала істері» бойынша орынбасары, гинеколог-акушер Юлия Асенбайқызымен облыстық «Маңғыстау» газетінің тілшісі тілдесіп, медицинаның ерекше саласы туралы әңгіме өрбітті. Назарыңызға ұсынамыз!

Юлия Асенбайқызы, дәрігер болу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін қызмет. Бұл салмақты салаға қалай келдіңіз?

  • Мен 1983 жылы Ресей Федерациясы, Мәскеу облысының Балашиха қаласында дүниеге келдім. 2000 жылдары отбасымызбен елге көшіп, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында тұра бастадық. Жаңаөзендегі №7 және №3 орта мектепте білім алдым. Медицинаға деген махаббат мектепте оқып жүргенімде басталды. Бастауыш әскери дайындық сабағында сыныптастарымның қол-аяқтарына бинт байлап, жарасын таңу сияқты медициналық көмек көрсеткенде дәрігер мамандығына құштарлығым оянды. Ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегіне қызығып, өмірлік мамандығымды таңдадым. Медицина әлемі мені бірден баурап алды. Кардиолог, хирург мамандықтарына қызықтым, кейін оқуға түскенде гинекологияға байланысты сабақтар болғанда, әлемге жаңа өмір сыйлауға септесетін ерекше сала – акушерлік-гинекологияға ден қойдым. Міне, осы маңызы мол мамандықта жүргеніме 18 жылдай болыпты. Ақтөбе медициналық академиясында емдеу ісі мамандығын тәмамдасам, одан соң Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде акушерлік пен гинекология мамандығы бойынша резидентура бітірдім. Еңселі білім ордасында білім шамшырағын жаққан ұстаздардың тағылымын көңіліме тәлім етіп, көкейге түйіп отырдым. 2009 жылы диплом құшақтап, біліммен сусындап, өскен жерім – Маңғыстау өлкесіне оралып, Ақтаудағы қалалық перинаталдық орталықта еңбек жолымды бастадым. Кейін жолдасымның жұмыс бабымен Алматыға көштік. Оңтүстік астанасында жас дәрігерге мүмкіндік мол, тәжірибе көп. Онда үш жыл С.Асфендияров атындағы университетте акушерлік пен гинекология кафедрасында студенттерге дәріс оқыдым, сондай-ақ №5 қалалық перзентханада қызмет еттім. 2015 жылы Ақтау қалалық перинаталдық орталыққа қайта келіп, еңбегімді жалғастырдым. Содан бері маңғыстаулық әйелдерге өмірге дені сау, он екі мүшесі бүтін баланың дүниеге келуіне үлес қосып, аянбай еңбек етіп келемін. Медицина әлемі – мен үшін сүйікті мекен, жылы ұя іспеттес. Себебі бұл қызығы мен қиындығы қатар жүретін ерек әлемде өмірлік жарымды кездестіріп, 6-курста шаңырақ көтердік. Екеуміз де гинекологияны таңдадық, бірақ мен акушер-гинеколог болсам, ол онколог-гинеколог болып қызмет атқарады.

– Гинеколог дәрігер ретінде айтсаңыз, әйел адамдар денсаулығын қалай күту керек?

  • Әйел адамның денсаулығы кішкентай кезінен басталады. Ата-анасы қызды дұрыс жуындырып, болашақ ана екенін естен шығармай, денсаулығына ерекше көңіл бөлгені маңызды. Кішкентай қыз бойжеткенге айналғанда етеккірі келеді. Сол кезде етеккірдің уақытылы келгенін қадағалап, дәрігерге көрсетуі тиіс. Ерте немесе кеш келсе, бойында бір кінәрат барын, гормоны дұрыс еместігін көрсетеді. Демек, сондай кезде қыз баланы гинекологке апарып, себебін іздеу керек. Әйел адам денсаулығын күтпесе, болашақта көп дертке шалдығады, денесіне ауру жабысады. Қазір интернет дамыған заманда балаларға барлық ақпарат қолжетімді.
  • Әке-шешесінен бұрын балалар интернет сайттарынан қажет ақпараттың бәрін біліп, оқып алады. Сондықтан қыз баланың денсаулығына айрықша назар аударып, ерте жүктіліктен, психикалық жарақаттан, жаман ортадан қорғау үшін ата-ана баласымен байланысы берік әрі мықты болуы қажет. Қазіргі таңда әйел денсаулығының нашарлауы көбінесе инфекциялық аурулардан болады. Бұл қабыну, инфекциялық дерттер асқынып кетсе, бедеулікке алып баратынын бірі білсе, бірі білмес. Өкініштісі, елімізде әйел адамдар арасында бедеулік көбейіп жатыр. Сондай-ақ әйелдерде эндометриоз, эрозия, жатыр миомасы дерттері басым. Сондай-ақ жатыр мойны қатерлі ісігі жыл өткен сайын жасарып келеді. Қауіпті дерт қаншама әйелді ажал құштыруда. Жас, жыныс талғамайды. Қазір 11 жастан асқан қыздарға осы дерттің алдын алатын екпелер бар. Қауіпті ісік қарапайым эрозиядан басталып, тез асқынып, үдейіп кетеді. Жаман ауруға шалдыққан жүкті әйелдер де тәжірибемізде болды. Өкініштісі, бұндай дертпен келген жас ананың тірі қалуы екіталай. Сол үшін гинеколог маманға шағыммен ғана келмей, жылына бір немесе екі рет профилактикалық тексеріске келу керек. Жүктілік кезінде әйел адам дәрігер бақылауында болуы міндетті.

– Маңғыстау облысы жасөспірімдер жүктілігі бойынша көш бастап тұр. Бұған дәрігер ретінде не дейсіз?

  • Өкінішке қарай, өңірімізде кәмелет жасына жетпеген бойжеткендердің жүкті болуы жиілеп кетті. Оған кімді кінәлаймыз? Дұрыс тәрбие бермеген атаанасын ба, тиісті қадағалау жасамаған мектепті ме, мұндай сұмдыққа көз жұма қараған қоғамды ма? Бұл түйткілді мәселеге барлығымыз да жауаптымыз деп ойлаймын. Біздің облыста 15-16 жастағы ерте есейген қыздардың күйеуге шығып жатқандары да жетіп артылады. Заңды түрде некеге тұрып, отбасы құрған бойжеткендердің жүктілігі де осы статистикаға еніп жатқан болуы керек. Медицина тұрғысынан қарасақ, ерте жыныстық қатынасқа түсу бала көтеру денсаулыққа зиян. Кәмелет жасқа толмаған қыздың өзі бала секілді, оның ерте жүкті болуы психикасына кері әсер етуі мүмкін. Бала босанғанда қатты ауырсынуға шыдай алмай, дәрігердің сөздеріне құлақ аспай, көп қан жоғалтуы, жарақат алуы ықтимал. Сондай-ақ жас қыздардың жүктілікке дене бітімі де дайын болмаған соң көбінесе олар кесарь тілігімен босанады. Біздің перинаталдық орталықта 1516 жастағы қыздардың жүкті болуы көп кездесті. Тіпті аналары 12-13 жастағы қыздарды әкелген кездері де болды, қыздың өзі аяғы ауыр екенін білмеген. Бірақ мұндай ерте жүктілік көбінесе зорлықтан, қорлықтан туындайды. Бұл жерде кішкентай қыздар құрбан болған.

– Сіз көп жылдар бойы перинаталдық орталықта қызмет етіп, мыңдаған сәбидің дүние есігін ашуына көмектесіп жүрсіз. Осы орталықтың жұмысына тоқталсаңыз.

  • Мен көбінесе табиғи жолмен босана алмайтын аналарға кесарь тілігі арқылы баланы дүниеге әкелуге көмектесемін. Біздің перинаталдық орталықта кейде күніне 10 кесарь тілігі операциясы болады, кейде барлық бала табиғи жолмен дүниеге келеді. Күн сайын орталыққа әр түрлі әйелдер түседі. Біріне ота қажет болса, бірі өздігінен босанады. Орталықтың соңғы 9 айдағы көрсеткіштеріне көз жүгіртсек, 4 555 әйел босанып, 4 579 сәби дүние есігін ашыпты. Босанған әйелдердің 3 518-і табиғи жолмен, 1 037-сі кесарь тілігімен туған. 24 егіз бала дүниеге келген. Өңіріміз бала туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Жыл сайын бұл көрсеткіштер артып, әке-аналар саны көбеюде. Дәрігерлеріміз кәсіби біліктілігін үздіксіз арттырып, шеберлігін шыңдап отырады, себебі ана мен бала өмірі – біз үшін ең басты құндылықтар.

– Сұхбатыңызға рақмет.