Бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиев жұмыс сапарымен өңірге келіп, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының жай-күйімен танысты, — деп хабарлайды облыстық аурухананың баспасөз қызметі.
Облыстық аурухананың директоры Руслан Бекібаев тұрғындарға көрсетіліп жатқан медициналық қызметтер, білікті мамандармен қамтылуы және ауру, өлім-жітім көрсеткішін азайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталу деңгейін тілге тиек етті.
Содан соң ҚР Денсаулық вице-министрі Ардақ Амангелдиев ангиографиялық кабинеттен бастап ота бөлімі, жансақтау бөлімі мен бөлімшелерді аралап, жұмыс барысымен танысты. Сондай-ақ ауруханадағы фармация бөлімінің дайындығы мен алдағы жоспарын нақтылады.
Өз кезегінде вице-министр Ардақ Амангелдиев облыс орталығында бірден-бір шұғыл стационарлық ем көрсетіп отырған аурухананың жұмысын жоғары бағалады. Оның айтуынша, аурухананың атқарып жатқан жұмысы мен жауапкершілігі орасан. Әсіресе, республикалық деңгейде жасалатын күрделі операциялардың облыстық ауруханада жақсы жолға қойылғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ медициналық қызметтердің сапасын одан әрі арттыру бағытындағы жұмыстарға сәттілік тілеп, ризашылығын білдірді.
Сайт материалдарын пайдалану кезінде мағынасын сақтай отырып, бастапқы дереккөз ретінде осы мақалаға сілтеме беруіңіз қажет.
Жалған ақпарат жарияланбауы үшін Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз