Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының уролог-дәрігерлері гинеколог-дәрігерлермен бірігіп, 40 жастағы науқасқа күрделі операция жасады. Төрт сағатқа созылған ота сәтті өтті, — деп хабарлайды аурухананың баспасөз қызметі.
Урология бөлімінің меңгерушісі Мұрат Бекхожиннің айтуынша, науқас урология бөліміне жоспарлы түрде сол жақты несепағар-қынаптық жыланкөз диагнозымен келіп түскен. Науқастың анамнезінде 4 рет ішті кесу операция жасалған.
Науқас жылан көз әсерінен кіші дәреттің қынап арқылы адам еркінен тыс шығуына шағымданып келді. Бұған дейінгі жасалған ауыр отадан кейін ішке лапароскопиялық жолмен операция жасау қиынға соғады. Себебі іште операциядан кейінгі жабысқақты процесстер (спайки) болады. Десе де тәжірибелі гинеколог-дәрігерлер Нұрлан Жақиев және Болат Ишанғалимен бірге ақылдасып, операция тағайындадық.
Мұрат Бекхожин, урология бөлімінің меңгерушісі МОМБ.
Лапароскопиялық реконструктивті операциясы, яғни несепағар қынаптық жыланкөзді толық жойып, несепағарды қуыққа қайта орналастыру, несепағарды стенттеу сәтті жасалды.
«Операциядан кейінгі кезең қалыпты асқынусыз өтті. Бір ай уақыттан кейін несепағарға қойылған стент алынды. Қазіргі таңда науқастың жалпы жағдайы – қалыпты, шағымы жоқ. Науқас қанағаттанарлық жағдайда амбулаторлы емге шығарылды», — дейді урология бөлімшесінің меңгерушісі М. Бекхожин.
Айта кетейік, жоспарлы операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, ал шұғыл ота медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша жүргізіледі.
Сайт материалдарын пайдалану кезінде мағынасын сақтай отырып, бастапқы дереккөз ретінде осы мақалаға сілтеме беруіңіз қажет.
Жалған ақпарат жарияланбауы үшін Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз