Маңғыстау облыстық ауруханасы жаңа құрылғылармен толықты

Бүгін Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасы 20 жаңа заманауи төсек-орынға арналған пациент мониторы, 200 инфузиялық шприц сорғылары және 20 өкпені жасанды желдету аппаратымен жабдықталды. Аталған құрылғылар «NCOC» компаниясының демеушілігімен табысталды.

Қазіргі таңда құрылғылар облыстық аурухананың барлық құрылымдық бөлімшесінің жансақтау бөлімдерінде, операциялық бөлмелерде, терапия және хирургия бөлімдерінде орнатылған.

Жаңа мониторлар шағын әрі жеңіл, бұл өз кезегінде дәрігерлер үшін ыңғайлы. Яғни, науқасты тасымалдау қажет болған жағдайда құрылғыны оңай алып жүруге болады. Сонымен қатар науқастың жағдайын бақылауға мүмкіндік береді, пациент туралы қажетті ақпаратты жылдам алуға, диагнозды анықтауға және оны емдеу кезіндегі өзгерістерді бақылауға көмектеседі.

«Қазір медициналық салада күн сайын өзгерістер, жаңалықтар болып жатыр. Дәрігерлеріміз көбейіп, жан жақты медициналық көмек көрсетіліп, жаңадан түрлі операциялар жасалып жатыр. Әрине, мұның барлығына жаңа, заманауи, сапалы құрылғылар керек. Медициналық құрылғылар жеткілікті болса, науқастар тұрақты әрі жедел ем алады, ауру көрсеткіші азаяды. Бастысы – дәрігерлеріміз бір емес, бірнеше адамның өмірін сақтап қалады. Сондықтан облыстық ауруханаға демеушілік көрсетіп, құрылғыларды табыстаған компания өкілдеріне және облыс әкімдігіне алғыс айтамын».

Жәнібек Әжмұханов, Маңғыстау облыстық ауруханасының директоры

Сонымен қатар Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова мен «NCOC» компаниясының өкілі дәрігерлерге алғыс айтты.

«Облыстық аурухана — денсаулық сақтау саласының флагманы. Іс жүзінде бүкіл облысты қамтамасыз етіп отыр. Жәнібек Сұлтанұлы, сіз кәсіби мамандар командасын қалыптастырдыңыз. Мен аурухана ұжымына алғысымды білдіремін. Пандемия кезінде барлық науқасты бір отбасы ретінде қамқорлықпен, жылулықпен және ілтипатпен көмек көрсеттіңіздер. Игі істеріңіз халық игілігіне қызмет етсін», – деді облыс әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова.

Айта кетейік, аталған құрылғылар «NCOC» компаниясы демеушілігімен 127 миллион 600 теңгеге алынды.