Инсульттің қалай алдын алуға болады?

Кулымбаев Ильяс Турганбаевич невропатолог, заведующий инсультным центром Мангистауской областной больницы г. Актау.

29 қазан – Дүниежүзілік инсультке қарсы күрес күні.

Осы орайда 20 жылдан астам неврология саласында тәжірибесі бар дәрігер, Маңғыстау облысы ауруханасы Инсульт орталығының неврологы Ілияс Құлымбаевтан инсульт және оның белгілерін, аурудың алдын алу жолын сұрап білдік.

Ілияс Тұрғанбайұлы, инсульт дегеніміз не?

Инсульт – бас қан айналым жүйесінің жедел бұзылуы, миға қанның кетуі, мидың субарахноидалды қабатына қан құйылуы мен мидың инфарктісі. Инсульттің бірнеше түрі бар, оның бірі – геморрагиялық инсульт. Ол баста қан тамырының жарылу себебінен пайда болады. Ал екіншісі – ишемиялық инсульт. Бұл – бастың қан учаскесіне қан-тамырының жетіспеуі. Үшіншісі – субарахноидалды инсульт. Яғни, бастың ішіндегі қабығына су, қан кетеді.

Инсульт неден пайда болады?

Инсульттің бірінші себебі – ми қан тамырларының атеросклерозы, яғни қан-тамырда холестерин көбейеді. Екіншіден, артериялық гипотания, қан қысымының көтерілуі немесе қан қысымының төмендеп кетуі. Үшінші себебі – вегототамырлы дистониялар және жүрек қан-тамырлары аурулары. Төртіншіден, қан аурулары себеп болады. Сонымен қатар ішкі органдардың патологиясы, атап айтқанда, жүрек ауруы, қант диабеті, қтерлі ісік ауруы, миокартдың инфарктісі, барлығы да осы инсульттің шығуына әсер етеді.

Осы ретте инсульттің қандай белгілері бар?

Инсульт кезінде адамның қол-аяқ бұлшық еттері жансызданады, сөзі мен жүрісі бұзыла бастайды. Басы ауырып, есін жоғалтады. Бұл белгілер пайда болған кезде бірден дәрігерге жүгіну қажет.
Сонымен қатар инсульттің белгілерінен бөлек ауруды туғызатын факторлар болады. Бұл факторларға – экологиялық жағымсыздықтар, кенеттендіру және автоматтандыру, жүйкенің шамадан тыс тырысуы. Қазіргі ғасырда қимыл-қозғалыстың аз болуы да инсульттің пайда болуына тікелей әсер етеді. Сондай-ақ қант диабеті мен жүрек ауруларының өсуі, дұрыс тамақтанбау, шылым шегу, алкоголь өнімдерін тұтыну және артық салмақ. Мұның бәрі инсульттің пайда болуына, әрі қарай өршуіне себеп болып отыр.

Өзіңіз білесіз, қазір ауру түрі жасарып кетті. Қалай аурудың алдын алуға болады?

Тұрақты түрде қан-тамырды дәрігерге тексертіп тұру қажет. Жасы 40-тан асқан тұрғындар өзінің тұрғылықты мекенжайына қарасты емханада скринингтен өтуі керек. Сонымен қатар дәрігерге жүгініп, тиісті анализдерді тапсырады. Әрі қарай дәрігер анализ көрсеткішіне байланысты ем-дом тағайындайды.
Сондай-ақ күнделікті тұрмыста ас тұзды күніне 5 грамға дейін шектеу қажет. Шылым тартудан, ішімдік ішуден бас тартып, спортпен шұғылдануды әдетке айналдыруы тиіс. Оған қоса дұрыс тамақтануды қолға алып, қан-тамырдағы холестеринді азайту керек.

Ал инсульт кезінде не істеу керек?

Қазір халықаралық тест бойынша «FAST test» бар, яғни бұл – жүздің қисаюы, қолдың әлсіреуі, тілдің бұзылуы және уақыт дегенді білдіреді. Осы үш белгі пайда болған кезде міндетті түрде 103-ке қоңырау шалып, облыстық аурухананың Инсульт орталығына келу қажет. Көбінесе мұны қарапайым тұрғын біле бермейді.

Науқас ауруханаға келген кезде қандай көмек көрсетіледі?

Науқас бастапқы 1-2 сағат ішінде ауруханаға келсе, біз 4 жарым сағатқа дейін дүниежүзі бойынша стандартқа сүйеніп, көмек көрсетеміз. Егер науқаста инсульттің ишемиялық түрі болса, онда тромболизис терапияға жүгінеміз. Яғни, бас қан-тамырының ішінде ұйыған тромбыны ерітетін укол саламыз. Мұның эффектісі 90 пайызға дейін жетеді.

Бірақ, тұрғындар бірінші рет инсульт пайда болған кезде медицинадан бұрын, «қазақшылыққа» салынып, әртүрлі емді үй жағдайында жасайтыны бар. Осылайша 6 сағаттан кейін ауруханаға кешігіп келетін науқастарды жиі байқаймыз. Мұндай кезде дәрігерлер көмегі өз нәтижесін бермей қалуы да мүмкін. Сондықтан тұрғындар осы нәрсе ескерсе екен деймін. Ал алты сағаттың ішінде келген науқастардан тез оң нәтиже байқаймыз.
Екінші геморрагиялық инсульт – бұл қан-тамырының жарылып кетуінен пайда болады. Бұл кезде компьютерлік томографияға түсіріп, бастағы қанның көлеміне қарап, ем жүргіземіз. Қан көлемі 30 мл жоғары болса, онда нейрохирургтар операциялық жолмен ем жасайды. Одан төмен болса, біз дәрі-дәрмекпен терапиялық ем көрсетеміз.

тест для диагностирования инсульта в домашних условиях

Ауруды асқындырып алмау үшін, тағы айтамын, өз бетінше үйден ем қабылдамай, 103-ке хабарласуы керек. Уақыт оздырмай облыстық ауруханадағы инсульт орталығына келген дұрыс. Себебі, ауруханада науқасты емдеп жазуға барлық мүмкіндік қарастырылған.

Ілияс Тұрғанбайұлы, ақпараттарыңыз үшін рақмет!


Сайт материалдарын пайдалану кезінде мағынасын сақтай отырып, бастапқы дереккөз ретінде осы мақалаға сілтеме беруіңіз қажет.

Жалған ақпарат жарияланбауы үшін Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз

Adblock
detector