Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының кардио орталығына 1963 жылы туған ер адам жүрек тұсындағы ауру сезіміне шағымданып түсті. Науқасқа бірегей ота — қабырғасының арасындағы кішкентай пункция арқылы коронарлық артерияны шунттау операциясы жасалды, — деп хабарлайды МОКА баспасөз қызметі.
Дәрігерлер төс сүйегін кеспей-ақ коронарлық артерияны шунттау операциясын жасады. Бұрын бұл ең оңтайлы әдіс деп саналса, енді науқас үшін барлығын әлдеқайда қауіпсіз жасауға болады, — дейді Маңғыстау облыстық ауруханасының кардиохирургы Суханов Әбунасыр Жетпісұлы.
Бұл операция бұрын төс сүйегін шамамен 25 сантиметрге дейін кесу арқылы жасалған. Кесілгендіктен науқастардың қалпына келуі өте қиын, оңалту ұзаққа созылып, төс сүйегінің жарылып кету қаупі жоғары болатын. Мұндай операциядан кейін науқастар бір ай арқасымен жатады, ыңғайсыздықты сезінеді, жалпы оңалту шамамен алты айға созылады. Қазір біз жаңа әдіспен, атап айтқанда 7-8 см қабырға аралық шағын тесікпен операция жасаймыз. Операциядан кейінгі келесі күні науқас өздігінен тұрып, қозғала алады. Соның арқасында қалпына келу кезеңі айтарлықтай қысқарып, науқас қалыпты өмірге тезірек оралады. Орта есеппен мұндай ота 3-6 сағатқа созылады, — дейді Әбунасыр Жетпісұлы.
Науқас қазір өзін жақсы сезініп, үйге шығуға дайындалып жатыр.
– Науқас 2012 жылдың басында инфарктқа шалдығып, жүрегіне стент қойған болатын. Ол ұзақ уақыт бойы қозғалыс кезінде ауырсыну сезініп, жағдайы нашарлағанын айтты. Мәселе мынада, ер адамның қан қысымы — жоғары, гипертониямен ауырады, сонымен қатар ұзақ уақыт темекі шегетін. Айта кету керек, миокард инфарктісінің қаупі — темекі шегуде. Адам жиі әрі ұзақ уақыт шылым шексе, оның жүрек талмасына ұшырау ықтималдығы артады, — дейді Әбунасыр Суханов.
Дәрігер инфаркт пен инсульттің алдын алуға болатынын атап өтті. Оның профилактикасы — дұрыс тамақтану, тұрақты жаттығулар және алкоголь мен темекі шегуден бас тарту.
Сонымен қатар жоғары қан қысымы, жоғары холестерин және қандағы қанттың жоғарылауы сияқты жүрек ауруларының қауіп факторларын тексеру және бақылау маңызды. Ол үшін үнемі профилактикалық тексерулерден өтіп тұру қажет, — деп ескертті Әбунасыр Жетпісұлы.
Коронарлық артерияны шунттау операциясының сәтті өтуі үлкен тәжірибені, нақты дағдыларды және жоғары технологиялық жабдықты қажет етеді. Бұрын бұл әдіс еліміздің жетекші емханаларында ғана кеңінен қолданылса, қазір мұндай технологиялық көмек түрі Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында да бар.
Операция алдында өзімді нашар сезіндім, қазір бәрі жақсы, жүрегім ауырмайды. Өз бетіммен жүре аламын, мені аяғыма тұрғызған дәрігерлерге көп рақмет! «Осы ауруханаға, барша дәрігерге, медбикелерге, олардың алтын қолдары үшін, шеберлігі, қамқорлығы мен ілтипаты үшін алғысымды білдіремін», — дейді науқас Қуаныш Уразов.
Айта кетейік, жоспарлы операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, ал шұғыл ота медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша жүргізіледі. Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы мұндай операциялардың санын көбейтуді жоспарлап отыр.
Сайт материалдарын пайдалану кезінде мағынасын сақтай отырып, бастапқы дереккөз ретінде осы мақалаға сілтеме беруіңіз қажет.
Жалған ақпарат жарияланбауы үшін Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз