8 қараша – халықаралық радиолог және рентгенолог күні.
Осы орайда біз Маңғыстау облысы ауруханасы радиология бөлімінің меңгерушісі Ануар Жақсыадаймен сұхбаттастық.
Ануар Жақсыдай – радиолог-дәрігер, радиология бөлімінің меңгерушісі. Облыстық ауруханада 2015 жылдан бері қызмет етіп келе жатыр. Қазіргі таңда радиология бөлімінде 39 маман қызмет етеді. Олай болса, радиология бөлімінің мүмкіндігі қандай, бірге білейік.
Бұрын рентгенологияның міндеті патологияны тауып, оны анықтау болды, бірақ медицина бір орында тұрмайды. Дәрігерлердің ендігі міндеті — адамға не болғанын айту ғана емес, не болатынын болжау. Бұл емдеу үшін өте маңызды.
Маңғыстау облыстық ауруханасының заманауи жабдықтары мен дәрігерлердің жоғары біліктілігі осы бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Радиология бөлімінің міндеті не, қандай жұмыспен айналысады?
Радиология бөліміне компьютерлік томография (КТ) мен магнитті резонанстық томография (МРТ) кіреді.
Негізгі міндетіміз – сәулелі диагностика арқылы ішкі ағзалардың бейнесін алуға мүмкіндік беретін рентгендік зерттеу.
Осы томографиялық зерттеу аясында біз адам ағзасының қаншалықты зақымданғанын я зақымданбағанын анықтаймыз. Кейін зерттеу нәтижесіне байланысты дәрігерге қаралуға, емделуге жібереміз.
Қазіргі таңда облыстық аурухананың радиология бөлімінде қандай құрылғылар бар?
Облыстық ауруханада ең қажетті әрі соңғы үлгідегі құрылғылар бар, жеткілікті. Десе де жаңартуды қажет етеді.
Пандемия кезінде мұнай компаниясының демеушілігімен КТ аппараты жаңаланған болатын. Атап айтқанда 160 бөлімнен бір уақытта мәліметтер жинау мүмкіндігі бар Aquilion Prime SP жаңа компьютерлік томографы берілді. Бұл облыста бар ең мықты құрылғының бірі.
Одан бөлек түрлі рентген аппараты бар. Күн сайын дамып, алға жылжып келе жатырмыз. Жақында тағы жаңа құрылғыны алу жоспарда бар.
КТ мен МРТ-дан өту қанша уаақытты алады?
Зерттеу КТ үшін 5 минуттан 15 минутқа дейін, МРТ үшін 10 минуттан жарты сағатқа дейін созылады.
Бірқатар суреттерді түсіргеннен кейін науқас босатылады.
КТ және МРТ қаншалықты жасалуы керек?
КТ рентгендік-диагностикалық әдіс болғандықтан, сәйкес көрсеткіштерге және оның жиілігінде шектеулер болған жағдайда ғана қолданылады. Науқастың денсаулық жағдайы ескеріледі.
Салыстырмалы түрде сау адам жылына бір рет компьютерлік томографиядан өтуі мүмкін, бірақ кейбір жағдайларда дәрігер КТ-ны бірнеше рет тағайындай алады. Ал кейбір жағдайға немесе ауруларға компьютерлік томография қарсы.
Диагноз қою, терапияның динамикасын бақылау және ықтимал қайталануын бақылау үшін МРТ қажетті жиілікпен жасалады.
Қайта диагноз қою туралы шешім қабылдау кезінде науқастың жағдайы, қарсы көрсетілімдердің жоқтығы ескеріледі.
Бөлім мамандары қалай жұмыс істейді?
Радиолог пен рентгенологтарды әмбебап маман десек те болады. Себебі бір ғана нәрсені қарамаймыз, барлық ағзамен жұмыс істейміз. Бас, аяқ, ішкі ағзалар, онкология, тіпті пандемияның кезінде пульмонолог та болып кеттік.
Кез келген травма алған адамның бәрі алдымен осы радиология бөлімінен өтеді. Ол үшін науқастар дәрігердің нұсқауымен келуі қажет. Ал біздің мамандар тәулік бойы қызмет етеді.
КТ немесе МРТ түсу үшін науқасқа қандай дайындық керек?
Біріншіден, науқасқа дәрігердің жолдамасы қажет. Алдын ала біздің бөлімге жазылады, сол уақытта мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Науқас тамақ ішпей келуі керек. Яғни, 4 сағат бұрын тамақ пен суды қабылдауды тоқтату маңызды.
Іш қуысын, жамбас мүшелерін және бүйректі тексеруден бұрын арнайы дайындық қажет. Ол үшін біз ішектерді тазартамыз. Сондай-ақ, балық пен йодқа аллергия болмауы керек.
МРТ-ға алдын-ала дайындалудың қажеті жоқ. Бірақ, МРТ-мен тексеру қауіпсіз болғанымен, қарсы көрсетілімдері бар пациенттер болады.
Егер денеде металл имплантанттар, сондай-ақ ішкі және ортаңғы құлақ импланттары мен кардиостимуляторлар болса, МРТ сканерлеуді жасамау керек.
Сондай-ақ, дене салмағы 130 (120) кг-нан асатын және клаустрофобиямен ауыратындарға тексеру жүргізілмейді. Сонымен қатар жүктіліктің алғашқы айларында әйелдерге тексеруден өтуге кеңес берілмейді.
Тұрғындар қандай жағдайда қызметті тегін пайдалана алады? Ақылы қызмет қанша?
Қазір тұрғындардың көбі радиология бөлімінен тегін қызмет алып жүр. Міндетті медициналық сақтандыру аясында және емханада тіркеуде тұрғандар дәрігердің нұсқамасы арқылы келіп, тегін түсе алады.
Оған қоса ақылы қызмет те қарастырылған. Мұндай кезде кезек күтуі мүмкін.
МРТ түсу 20 000 теңге шамасында болса, КТ – 10 000 теңге мен 15 000 теңге аралығында. Яғни әр органды томографиядан тексеруге қарай арнайы баға белгіленген.
Пандемия кезінде адамдар көп келгендіктен 24 сағат бойы қы
змет еттік. Біздің бір ерекшелігіміз – КТ немесе МРТ түскен бойда, тез нәтижесін шығарып береміз.
Ақпарат үшін рақмет! Жұмысыңызға сәттілік!
Сайт материалдарын пайдалану кезінде мағынасын сақтай отырып, бастапқы дереккөз ретінде осы мақалаға сілтеме беруіңіз қажет.
Жалған ақпарат жарияланбауы үшін Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз