Бейнеу ауданының 19 жастағы тұрғынынан сирек кездесетін бірінші типті аорта аневризмасы анықталды, — деп хабарлайды Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметі.
9 ақпанда Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының жедел жәрдем бөліміне шұғыл түрде 2004 жылы туған науқас түсті. Ол бас және жүрек ауруына шағымданып келді.
Науқастан компьютерлік томография кезінде De Bekey 1-типі бойынша аорта аневризмасы анықталды. Шұғыл Бентал — Де Боно операциясы жасалды. Яғни, ота кезінде науқастың қолқа қақпақшасы және көтерілу қолқасы ауыстырылды. Операция сәтті аяқталды. Үш күн жансақтау бөлімінде жатып, содан кейін кардиохирургия бөліміне ауыстырылды. Ал кеше оңалту және медициналық оңалту бөліміне шығарылды. Қазір науқас оңалту жаттығуларын жасап жатыр. Енді бір айдан кейін Астанаға кеуде қуысына аорталық стент салуға барады. Бұл — операцияның екінші бөлімі.
Әнетов Асылбек Сәрсенбайұлы, жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімінің кардиохирургы МОМБ Актау
Қолқаның диссекциясы (дисекциялық аорта аневризмасы) – қолқа қабырғасының ішкі қабаты жарылып, ішкі және сыртқы қабаттары арасында қан ағып, сыртқы қабаттың жарылуына әкеледі.
– Бұл — өмірге өте қауіпті ауру. Қолқасы жарылған науқас бір өлімнен аман қалды. Уақыт созып жүрсе, аурудан аман қалуы екіталай. Егер бұл қолқаның ішкі жарылуы болса, онда іш қуысы қанға толады. Ал аневризма жарылғаннан кейін дұрыс диагноз, тиісті ем-дом тағайындалмаса, науқастың орташа өмір сүру ұзақтығы — 11 сағат, — дейді Асылбек Сәрсенбайұлы.
Операцияға Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының кардиохирургиялық орталығының меңгерушісі Жакиев Талғат Базылбекұлы, кардиохирургтар Әнетов Асылбек Сарсенбайұлы мен Әбдікеров Ерболат Қайратұлы, анестезиолог-реаниматолог Серяковский Тараз Николаевич және Балғалыев Бақытжан Сәрсенбайұлы қатысты.
Айта кетейік, жоспарлы операциялар міндетті медициналық сақтандыру, ал шұғыл ота медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша жүргізіледі.
Сайт материалдарын пайдалану кезінде мағынасын сақтай отырып, бастапқы дереккөз ретінде осы мақалаға сілтеме беруіңіз қажет.
Жалған ақпарат жарияланбауы үшін Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз