Бүгін — Наурызнаманың онкүндігі бойынша «Шаңырақ» күні. Осыған орай Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығында босанған аналарға сыйлық табысталды.
Облыстық аурухана директорының м.а. Руслан Амангелдіұлы, директордың “Ана және бала істері” бойынша орынбасары Юлия Асенбаевна, бас акушер Салтанат Ибрагимовна, медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау бөлімінің басшысы Жанар Сыдыққызы, бас медбике Айтбибі Қонарбаевна аналарды Шаңырақ күнімен, келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
- Шаңырақ күні жас ұрпақты тәрбиелеу мәдениетін, олардың бойында патриотизм, адамгершілік пен еңбекқорлыққа деген құштарлықты қалыптастыруды насихаттайды. Сіздер, әрдайым шаңырақтың шаттығы, ұрпақтың ұлағатты болып өсуі үшін мейірім, махаббатты беруге дайын тұрасыздар. Бұл күні ата-ана мен бала, отбасы үшін өте маңызды. Себебі шаңырағы биік, өнегелі отбасы — еліміздің іргетасы. Осы орайда сіздерге саулық, сәбиіңізге ұзақ ғұмыр тілейміз! — деді облыстық аурухана директорының міндетін атқарушы Руслан Амангелдіұлы.
Перинаталдық орталықта босанған ананың бірі — Рысбибі Мұхан. Ол үшінші рет осы орталықта босанып, сәбиін қолға алып отыр. Өз кезегінде қуанышымен бөлісіп, дәрігерлерге алғысын айтты.
- Алладан кейін өмірімізді сақтап қалуға, сәбидің жарық дүниеге аман-есен келуіне жәрдемшісі ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз. Жұмыстарыңызға сәттілік, табыс, отбасыңызға амандық тілеймін, — деді ана Рысбибі Мұхан.
Айта кетейік, Шаңырақ күні қарсаңында орталықта 8 бала дүниеге келді. Оның бесеуі — ұл, үшеуі — қыз.
Сайт материалдарын пайдалану кезінде мағынасын сақтай отырып, бастапқы дереккөз ретінде осы мақалаға сілтеме беруіңіз қажет.
Жалған ақпарат жарияланбауы үшін Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз