Маңғыстау өңірінің денсаулық сақтау саласы толайым табыстарға толы. Жоғары сапалы медициналық технологиялар адам өміріне араша, дертіне дауа, жүрегіне сенім сыйлайды. Өлкеміздің дәрігерлері де білімін арттырып, шеберлігін шыңдап, үздіксіз даму үстінде. Осыған орай Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының оториноларингология және офтальмология бөлімшесінің бөлім меңгерушісі, оториноларинголог дәрігері Дулат Майемермен «Маңғыстау» газетінің тілшісі сұхбат құрып, қиындығы мен қызығы қатар жүретін, төзімділікті, жігерлікті, жауапкершілікті талап ететін медицина ғылымы жайында, құлақ, көмей және мұрын аурулары жөнінде әңгіме өрбітті.
– Сұхбатымызды балалық шақ, студенттік кезден бастасақ…
– Мен 1984 жылы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауылында дүние есігін аштым. Сәттіғұл Жанғабылов атындағы орта мектепті бітіріп, 2001 жылы Ақтөбе қаласындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясына оқуға түстім. Онда емдеу ісі факультетінде 7 жыл бойы білім нәрімен сусындап, медицина ғылымының қыр-сырына қанықтым. 2008 жылы академияны аяқтаған соң, туған жеріме оралып, бірден жұмысқа білек сыбана кірісіп кеттім. Еңбек жолымды Мұнайлы ауданындағы ауруханадан бастап, кейін қаладағы жедел жәрдем, №1 емханада жалпы тәжірибелік дәрігер, терапевт болып қызмет еттім. 2 жыл үздіксіз еңбек еткен соң білімге құштарлығым оянып, тағы да өсіп, дамуды қаладым. Ақыры 2010 жылы Ақтөбеге қайта оралып, медицина академиясының оториноларингология мамандығы бойынша резидентураға түстім. Үш жыл таңдаған мамандығымды терең зерттеп, мол білім мен теңдессіз тәжірибе жинадым. Резидентура бітірген соң, «Нейрон» клиникасында лор дәрігері болып қызмет ете бастадым. Алғашқы пациенттерімді сонда қабылдадым. Одан соң облыстық көпбейінді ауруханаға ауыстым. 2016 жылы аурухана ішінде «Оториноларингология және офтальмология бөлімшесі» ашылып, соның бөлім меңгерушісі болдым. Қазіргі таңда ауруханада бөлімшеміз күн-түн демей халықтың денсаулығын жіті тексеріп, дертке шалдықса дереу көмек көрсетіп, аянбай еңбек етуде. Көздің көруіне, құлақтың естуіне, мұрынның тыныс алып, демалуына әсер ететін дерттерді емдеп, жойып, ауру асқынып, күрделі сырқатқа айналса ота жасап, көмектесуде. Ауруханаға науқастарды екі жолмен қабылдаймыз. Біріншісі – жедел түрде, екіншісі – жоспарлы түрде. Жедел түрінде науқас жедел көмекке мұқтаж болса, жоспарлы түрінде науқасты арнайы жатқызып, ота жасаған кезде болады.
– Дәрігер болуды армандадыңыз ба?
– Дәрігер болуды ешқашан армандамаппын. Осы қастерлі де мәртебелі мамандыққа әке-шешемнің кеңесімен келдім. Оқуға түскен соң мамандығымды сүйе бастадым. Дәрігерлікті үйренгенде қызығы мен шыжығына етене араласып, күрделі ғылымды тереңнен қаузай бердім. Ал оториноларингология саласына кездейсоқ келмедім. Оқудың соңғы курстарында осы ауруханада білікті оториноларинголог, жоғары санатты дәрігер Алия Сармурзинаның басшылығымен тәжірибеден өттім. Сол кісінің арқасында оториноларингология ғылымына қызығушылығым туды, мамандыққа деген сүйіспеншілік оянды. Содан резидентурада мамандық таңдағанда еш күмәнсіз ЛОР дәрігері болуды қаладым.
– «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтіпсіз. Мұндай мүмкіндік дәрігердің кәсіби өсуіне, есеюіне көп септігін тигізсе керек…
– Мен академияда оқып жүргенде үздік дәрігер атанғым келді. Көп оқып, көп іздену керектігін білдім. Облыстың ең мықты, ең білікті оториноларинголог дәрігері болуды қаладым. Армандап қана қоймай, іске кірістім. Ізденіс, оқу, тәжірибе алмасу сынды кезеңдерден сәтті өтіп, жақсы жетістіктерге жеттім. Қазір Маңғыстау облысының штаттан тыс бас оториноларинголог дәрігерімін. Мен «Болашақ» бағдарламасымен оқуды он жыл бұрын армандай бастадым. Құжат жинауға кіріскенде әлем бойынша коронавирус дерті ушығып, елдер карантинге жабылып, ойымды жүзеге асыра алмадым. Сөйтіп, үш жыл жүріп, арманымды ұмытпай, тыңғылықты дайындалып, құжаттарымды тағы тапсырдым. Арманым орындалып, «Болашақ» бағдарламасына іліндім. Бағдарламаға қатысу мақсатым – шетелдегі оталарды көзбен көріп, қолмен ұстау, озық технологиялардың тілімен танысып, үздік мамандармен тәжірибе алмасу. Білім деген алтын қазынаға құнықтым, өз мамандығымның майталманына айналуға асықтым. Өткен жылы қазан айында Израиль елінің «Рамбам» атты маңдайалды медициналық орталығында 10 күн тағылымдамадан өттім. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген науқастарды аяғынан тік тұрғызып, құлан таза айықтыратын алтын қолды дәрігерлер қызмет етеді. Біз солардың теңдессіз тәжірибесіне куә болдық, ота жасағанда, емін жүргізгенде көз алмай, бәрі-бәрін үйренуге тырыстық. Кейін осы жылдың мамырынан бастап тамызға дейін Түркия елінің астанасы – Анкара қаласының медицинасын көрдік. Онда Башкент университетінің көпбейінді ауруханасында тәжірибе жинадық. Білікті дәрігерлердің тағылымын көңілге тәлім етіп, көкейге түйіп отырдық. Әр сөздерін қалт жібермей, жадымызға тоқи бердік. Оториноларингология саласындағы тың технологияларды, жаңа жетістіктерді көріп, енді өз тәжірибемізге жәймен енгізе бастадық. Олардың дәрігерлері де біздің отандық тәжірибеге қызығушылық танытты, қалай ем-дом жүргіземіз, қандай дәрі-дәрмек жазып береміз, отаны қалай жасаймыз сынды маңызды мәселелер бойынша сұрастырды. Бұл екі тараптың кәсіби өсуіне жол ашатын мүмкіндік болды десем артық айтпаспын.
– Әлемдік оториноларингология ғылымында қандай жаңалықтар болып жатыр?
– Бүгінде медицина саласында дәрігерлердің кәсіби біліктілігіне сеніп қана қоймай, адам ағзасын зерттеу мен емдеу кезінде қолданатын жоғары технологиялық аппараттардың сапасына, дәлдігіне, жинақтылығы мен функционалдығына үлкен көңіл бөлінеді. Жыл сайын медицина қарыштап дамып жатыр. Оның ішінде оториноларингология ғылымы да ілгері қадам басып, тың технологияларды тәжірибесіне енгізуде. Ерекше жаңалықтарға келетін болсам, қазір құлақтың ішіне эндоскопиялық жолмен ота жасайтын болды. Бұрын құлаққа ота жасағанда сыртын кесіп, тыртық іздері қалатын еді. Қазір ештеңе де кесілмейді, құлақтың ішіне кіріп, отаны сәтті жасай беретін болды. Сосын протездеу тәсілі пайда болды. Ұзақ құлақ ауруына шалдыққан науқастарда құлақ ішінен сүйекшелері желіне бастайды. Енді осы сүйекшелерге протез қойылады. Сондай-ақ мұрындарға да эндоскопиялық синусотомия отасы жасалатын болды. Бұл да – мұрынды сыртынан кеспей, ішінен жасауға мүмкіндік беретін тәсіл. Бұның бәрін біздің ауруханада тәжірибеге енгізіп, жасап жатырмыз.
– Қазір жұмыс істейтін бөлімшеңіздің жағдайы қалай? Науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндіктер жеткілікті ме?
– Маңғыстау облыстық көпбейінді аурухананың «Оториноларингология және офтальмология» бөлімшесінде 16 төсек-орын бар. Оның 10-ы оториноларингологияға, қалғаны отфальмологияға берілген. Менен бөлек 3 ЛОР дәрігері, 2 офтальмолог дәрігер бар. Бәріміз халыққа күні-түні қызмет ету үшін жұмыс істейміз. Күніне оториноларингологияға байланысты 5-6 ота жасалады. Оған микроскоп, эндоскоп құрылғыларын пайдаланып, құлақ ішіне оталар жасаймыз, мұрын пердесінің қисаюына, гайморит, синусит сияқты дерттерді жазу үшін эндоскопиялық тәсілді қолданып, оталар жүргіземіз. Ауруханада басқа облыстарда жоқ озық технологиялар бар. Алайда ол жеткіліксіз, бізге әлі де өсу керек, алға жылжу қажет. Себебі білікті дәрігер соңғы заманға сай жабдықтар, құрылғылармен жұмыс істеуге тиіс. Технологияларды жиі жаңартып тұру қажет. Медицинада білім, тәжірибе, технология тез ескіреді.
– Күз келіп, күн салқындай бастады. Көпшіліктің мұрнынан су ағып, тамақ қышып, қызуы көтеріліп жүр. Осыған байланысты сұрағым бар. Қазір қандай аурулар кең таралған? Халық ЛОР дәрігерлеріне қандай дерттермен жиі жүгінеді?
– Халық көбінісе тұмау, гайморит, синусит, отит және ангина сынды дерттер бойынша келеді. Күздік мерзімде сырқаттанған жандар көп болады. Себебі жұқа киініп үйреніп қалған халық бойын тез салқындатып алады. Дертке қарсыласа алмай, тұмауға шалдығады. Мұрын, құлақ, тамақ ауруларының басым көпшілігі вирустан басталады. Вирус денеге кіріп кетсе, бірден қызу көтеріліп, дене әлсірейді. Ауру асқынып кетсе, уақытында емделмесе, тұмау, гайморит, синуситке айналады. Менің дәрігерлік кеңесім, суық тиіп ауырсаңыз, бірден емхана дәрігерлеріне жүгініп, жазып берген ем-домын жасаңыз. Ал ауруханаға көбінесе ауруы асқынып кеткен, күрделі дертке ұшыраған науқастар келеді. Біз оларға барлық мүмкіндігімізді пайдаланып, медициналық көмек көрсетеміз. Аурудың алдын алу үшін жылы киініп, құнарлы тамақтанып, ерте ұйықтап, витаминдер ішу керек. Себебі адамның қанында гемоглобин мен эритроциттерден бөлек витамин Д, С, ферритин және тағы басқа витаминдер бойынша жетіспеушілік байқалса, иммунитет әлсіз болады, дерт жұға береді. Сондықтан жалпы қан талдауын тапсырып қана қоймай, басқа витаминдер бойынша да қан тапсырып, денсаулығына зор көңіл бөлу керек.
– Қазіргі жастар құлаққаптар көп тағады. Дауысын ұлғайтып, ән тыңдап, жаңалықтар, бейнебаяндар, кинолар қарайды. Бұл құлақтың есту қабілетіне әсер ете ме?
– Әрине, құлаққаптар – қазіргі заманның құралы, кез келген адамның қалтасынан табылатын аппарат. Заман дамыған сайын құлаққаптардың түр-түрі шығып жатыр. Оларды пайдаланба деп айта алмаймыз, себебі оның зиянымен қатар пайдасы да бар. Кеңес берер болсақ, құлаққаптарды қолданғанда децибелді ұлғайтпай, дауысын еститіндей етіп жәйлап қана қою керек. Сосын ұзақ уақыт пайдаланбауға тырысу керек. Себебі құлаққаптарды ұзақ пайдаланған адамның есту қабілеті нашарлай бастайды. Тағы бір зиянды тұсына келер болсақ, жолдан өткенде құлаққапты тастамау апаттарға ұшыратады. Осыған жеткізбеу үшін барынша жолдан өткенде, қауіпті жерлерде жүргенде құлаққаптарды пайдалаңбаңдар дер едім.
– Үздік дәрігер атану үшін адамда қандай қасиеттер болу керек? Жастарға қандай ой тастайсыз?
– Қандай мамандық таңдасаң да, оны ерекше жақсы көру керек. Медицина – қиындығы көп, машақаты мол мамандық. Дерті дендеп, жүйкесі тозған адамдармен жұмыс істейтін болғасын, науқастың ауыр сөздерін көтеріп, қиындыққа төзімділік, сабырлық таныту керек. Науқастарға жылы сөзіңді аямай, қатынасыңды көрсеткен абзал. Мамандығың бойынша үздік болуды армандасаң, оқудан, дамудан, ізденуден шаршамау қажет. Медицина мамандығының тізгінін ұстауға бел байлаған жастар сабырлылық, мейірімділік, жанашырлық секілді игі қасиеттерді ту етіп, медицина бойынша жинаған білімін халық игілігіне жаратып, ризашылығына бөленіп жатса, одан артық мәртебе жоқ деп ойлаймын.
– Еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз. Сұхбатыңызға рақмет.