Бүйрек трансплантациясы жасалған 26 жастағы маңғыстаулық тұрғын облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығында кесер тілігімен босанды, — деп хабарлайды облыстық аурухананың баспасөз қызметі.
3, 500 келі салмақтағы ер баланы дүниеге әкелді. Ақтаулық ана Тілектес Қартбайдың айтуынша, 2020 жылы жасалған трансплантациялық отадан кейін дәрігерлер жүкті болмауын ескерткен.
- 2019 жылы бүйрек жетіспеушілігі диагнозы бар екенін біліп, диализ алдым. 2020 жылы Астанада бүйрек трансплантациясы жасалды. Отадан соң күтім керек екенін ескертіп, барлық дәрігер жүктілікке рұқсатын бермеді. Соған қарамастан 2023 жылы жүкті болдым, бірақ дұрыс күтім болмаған соң аборт жасалды. Осы жолы Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының нефролог-дәрігері Балихан Жұбановнаның қарап, қадағалауымен сәтті жүктілік болды. Гинеколог-дәрігер Юлия Асенбаевна 37 апта 3-күнде босандырып алды, — деді Тілектес Қартбай.
Ақтаулық дәрігерлерге сенім артқан Тілектес Қартбайдың және сәбидің қазіргі жағдайы жақсы. Креатинин, мочевина анализдерінің көрсеткіші де көңіл қуантады.
Осы ретте ол Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы директорының “Ана және бала істері” бойынша орынбасары Юлия Асенбаевнаға, нефролог-дәрігер Балихан Жұбановнаға, анестезиолог-дәрігер Серік Абаевичке және барлық медбикеге алғысын айтты.
Сайт материалдарын пайдалану кезінде мағынасын сақтай отырып, бастапқы дереккөз ретінде осы мақалаға сілтеме беруіңіз қажет.
Жалған ақпарат жарияланбауы үшін Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз