Маңғыстау облыстық аурухана дәрігерлері шағын футболдан жеңімпаз атанды

Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының футбол командасы қарсыластарынан басым түсіп, жеңіске жетті, — деп хабарлады Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметі.

Ақтауда облыстың медицина қызметкерлерінің арасында шағын футболдан облыстық турнир аяқталды. Турнирге 18 команда қатысты. Жалпы жүлде қоры – 500 000 теңге.

«Маңғыстау Арена» спорт кешенінде өткен турнирді «SENIM» денсаулық сақтау кәсіподақ ұйымы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырды.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Маңғыстау облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары А.Дюсенов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ғ.Алтураев және салалық кәсіподақ Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы қатысты. «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің атынан С.Мырзақұлов қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жартылай финалға 18 команданың ішінен облыстық көпсалалы аурухана, Түпқараған орталық аудандық ауруханасы, онкологиялық диспансер, Жаңаөзен медицина қызметкерлерінің командасы, жедел жәрдем станциясы, Бейнеу орталық аудандық ауруханасы және «Еркемед» емханасының футбол командасы өтті.

3-орын үшін өткен матчта облыстық Жедел жәрдем станциясы мен Бейнеу орталық аудандық ауруханасының командалары кездесті. Нәтижесінде, Жедел жәрдем стансасының командасы жүлделі 3-орынды жеңіп алды.

Турнирдің жартылай финалында Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының командасы мен Жаңаөзен қаласының дәрігерлер командасы жүлделі орындарды сарапқа салды. Тартысты бәсекеде екі команда да тең өнер көрсетті. Десе де пенальти сериясында Облыстық аурухананың командасы бір ұпайды еншіледі. Осылайша, 1-орын алып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Турнир жеңімпаздарына кубок, статуэтка, диплом және ақшалай сертификат табысталды.

Турнирдің «Үздік ойыншысы» номинациясын Маңғыстау облысы ауруханасы командасының ойыншысы, хирург Сәкен Құбланов иеленді. «Үздік қақпашы» – 103 командасының ойыншысы Амангелді Аршеев, турнирдің «Үздік бомбардирі» – Жаңаөзен қаласының құрама командасының ойыншысы Марат Сәуірбаев атанды. «Белсенді ойыншы» номинациясы Бейнеу ОКЖ командасының ойыншысы Нұрлан Шахабаевқа бұйырды.

Сонымен қатар, барлық команда мүшелері Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Сәкен Мырзақұлов пен облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Қанат Жұмабаевтың алғыс хатына ие болды.


Сайт материалдарын пайдаланар кезде көрсетілген мағынасын сақтап, бастапқы дереккөз ретінде осы мақалаға сілтеме қажет.

Жалған ақпараттың жарияланбауы үшін облыстық аурухананың қызметіне қатысты материалдарды дайындау кезінде туындайтын барлық сұрақтар бойынша Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз.