Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы 2022 жылды қорытындылады

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров, басқарма басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева, аудан, қала, облыстағы медицина ұйымдарының басшылары және аурухана дәрігерлерінің қатысуымен алқа мәжілісі өтті.

Аурухана директоры Жәнібек Әжмұханов өткен жылды қорытындылап, 2023 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.

Жәнібек Әжмұханов, аурухана директоры

Кардиохирургиялық орталықта жүрекке аз инвазивті ота жасау тәжірибесін енгіздік. Бүгінгі таңда бұл — әлемдегі ең жақсы тәжірибелердің бірі. Маңғыстау облысында, жалпы батыс өңірінде алғаш рет жоғары технологиялық транскатетерлі қолқа қақпақшасын имплантациялау операциясы (Tavi) жасалды. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Алдағы уақытта ота жасау деңгейін бірнеше есеге арттырамыз. Өңір халқын кардиохирургиялық көмекпен қамтуды жоспарлап отырмыз.

Жәнібек Әжмұханов, аурухана директоры

Алдымен кардиохирургиялық орталықтың жұмысына тоқталды. Сонымен қатар аурухана директоры нейроинсульт орталығының жұмысын атап өтті. Былтыр пациенттердің саны 210 адамға өсті, бұл 14% құрайды. Неврология бойынша өсім 24 %, инсульт бойынша 10% құрап отыр. Өлім — жітім көрсеткіші төмендеді. Мәселен, 2021 жылы — 7,9% болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 6,63% құрады.

Бүгінгі күні біз нейрохирургиямен нейроинсульттік орталықты біріктірдік. 2021 жылмен салыстырғанда шұғыл операциялар саны азайды. Бірақ жоспарлы оталар іс жүзінде екі есе өсті, — деді Жәнібек Әжмұханов.

Облыстық ауруханада сыртқаттарды емдеуде жаңа технологиялар енгізілді. Осы ретте Астана, Алматы және Шымкент қаласынан мамандар шақырылды.

Жалпы терапия орталығына тоқталсақ. Орталық бірнеше профиль бойынша жұмыс істейді. Пульмонология, ревматология, нефрология, эндокринология, гастроэнтерология, аллергология және гематология. Реанимация жағдайында барлық емдеу түрі қарастырылған.

Маңғыстау облыстық ауруханасы директоры Жәнібек Әжмұхановтың айтуынша, қазіргі таңда ең көп жұмыс істейтін бөлімшелердің бірі — хирургия орталығы. Осы ретте Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия аудандарында хирургиялық көмекті дамытып, шұғыл операциялар жүргізу үшін мобильді эндоскопиялық бригада құру қажет екенін атап өтті.

Жиын соңында басқарма басшысы аурухана директорына бірнеше тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, аурухана дәрігерлерін оқытып, білім жетілдіру курстарына үздіксіз жіберіп отыруды тапсырды. Кадр мәселесін шешу мақсатында өңірге дәрігерлерді тарту қажеттігін айтты.

Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыровтың айтуынша, аймақта дәрігер мамандығына түсу үшін жоғары оқу орнына тиісті деңгейде гранттар бөлініп жатыр.

Жумыров Аманбек Кабдешович

Соған сәйкес аурухана дәрігерлері мектептермен тығыз байланыс жасап, медицина саласына түсуге ниетті түлектермен кездесіп, пікір алмасу қажет. Сондай-ақ, басқарма басшысы аурухана дәрігерлерін аудандарға жіберіп, тәжірибе алмасуды тапсырды.

Аудандағы кураторлық жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты.


Сайт материалдарын пайдалану кезінде мағынасын сақтай отырып, бастапқы дереккөз ретінде осы мақалаға сілтеме беруіңіз қажет.

Жалған ақпарат жарияланбауы үшін Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз