Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында жүрекке операцияның ерекше түрі енгізілді. Енді кардиохирург-дәрігерлер жүрекке ота жасау үшін төсті терең тілмей-ақ, қабырға аралық шағын кесінді арқылы аорта-коронарлы шунттау операциясын жасайды, — деп хабарлайды облыстық аурухананың баспасөз қызметі.
Кардиохирург-дәрігер Әбунасыр Сухановтың айтуынша, бұған дейін аорта-коронарлы шунттау операциясы классикалық жолмен жасалды. Яғни, ота кезінде науқастың төсін арамен 25 см дейін кесетін еді. Ал қазір оңтайлы әдіс арқылы науқасқа қауіпсіз әрі жеңіл түрде өтетін операцияны енгіздік.
- «67 жастағы ақтаулық тұрғынға қабырға арасынан 5-7 см кесінді арқылы аорта-коронарлы шунттау операциясы жасалды. Үш шунт жасадық, қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы. Еркін қозғалып, қолын ауырсынусыз көтере алады. Егер біз төсін кесу арқылы ота жасайтын болсақ, онда науқас 6 ай бойы арқасымен жататын еді. Ал қазір науқас отадан кейінгі үшінші күні өздігенен жүреді», — деді кардиохирург-дәрігер Әбунасыр Суханов.
Сонымен қатар аталған отаның тиімділігі – төстің ашылу қаупі болмайды, оңалту кезеңі тез жүреді, тілік көлемі аз болғандықтан науқас көп қан жоғалтпайды.
- «2022 жылы жүрегім ауырып, ота жасалып, төрт рет стенд қойдырған едім. Бір-екі жылдан соң қайта жүрегім ауыра бастады. Облыстық ауруханада кардиохирург Әбунасыр Суханов ініме ота жасаған екен, нәтижесін көріп, мен де жүрегіме ота жасатуға шешім қабылдадым. Қазір жағдайым жақсы, ешқандай ауырсыну жоқ. Аурухана дәрігерлері мен медбикелері де жақсы қарап жатыр. Әбунасыр Жетпісұлына және аурухана басшылығына алғысым шексіз», — деді науқас Б. Сатканов.
Айта кетейік, енді облыс тұрғындары Астана мен Алматыға бармаса да болады. Себебі кардиологиялық күрделі операциялар облыстық көпбейінді ауруханасында білікті дәрігерлердің қатысуымен жиі жасалып жатыр. Жоспарлы операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, ал шұғыл ота медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша жүргізілетінін ескертеміз.
Сайт материалдарын пайдалану кезінде мағынасын сақтай отырып, бастапқы дереккөз ретінде осы мақалаға сілтеме беруіңіз қажет.
Жалған ақпарат жарияланбауы үшін Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне хабарласуыңызды сұраймыз